Азаматтардың мемлекеттік қызметке қабылдану тәртібі

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңы (бұдан әрі–Заң) қолданысқа енгізілді.
Заңның 26-бабына сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтар мынадай іріктеу кезеңдерінен өтеді:
1) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тесттен өту;
2) уәкілетті органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерін бағалату;
3) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған жалпы конкурс.
Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен жаңа Ереже (бұдан әрі – Ереже), мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшілерді, мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестілеуді ұйымдастыру және бағдарламалары бекітілді.
«Б» корпусы мемлекеттік лауазымдарына кандидаттардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеу (заңнаманы білуге арналған тестілеу) Ережесіне сәйкес тестілеу үш бағдарламадан тұрады.
Бірінші бағдарлама: 9 Заң, 110 минут, тестілеуден өту мәні – барлық нормативтік құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санының (135 сұрақ) 95 – тен кем емес дұрыс жауаптар және әрбір нормативтік құқықтық актілер бойынша 5 – тен кем емес дұрыс жауаптар;
Екінші бағдарлама: 8 Заң, 100 минут, тестілеуден өту мәні – барлық нормативтік құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санының (120 сұрақ) 72 – тен кем емес дұрыс жауаптар және әрбір нормативтік құқықтық актілер бойынша 5 – тен кем емес дұрыс жауаптар;
Үшінші бағдарлама: 6 Заң, 80 минут, тестілеуден өту мәні – барлық нормативтік құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санының (90 сұрақ) 45 – тен кем емес дұрыс жауаптар және әрбір нормативтік құқықтық актілер бойынша 5 – тен кем емес дұрыс жауаптар.
Заңнаманы білуге арналған тестілеуден өту барысында шекті мәннен жоғары нәтижелер алған кандидат 20 минуттың ішінде автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау тестілеуіне жіберіледі.
Автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау шеңберінде кандидаттардың даму деңгейлері анықталады: жігерлілігі, коммуникативтілігі, талдамалылығы, ұйымдастырушылығы, мінез-құлқы, сапаға бағдарлануы, тұтынушыға бағдарлануы және сыбайлас жемқорлыққа шыдамсыздығы.
Заңнаманы білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша сертификат, жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бойынша – қорытынды беріледі.
Олар бір жыл ішінде қолданылады және мемлекеттік органдармен јңгімелесу нысанында өткізілетін үшінші сатыға – жалпы конкурсқа қатысу үшін құжаттардың ажырамас бөлігі болып табылады.