БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері

Зейнет жасына таяп қалған адамдарды, сондай-ақ, зейнетке шыққан зейнеткерлерді зейнетақы есебіндегі жыл сайынғы өзгерістер толғандыратыны сөзсіз. Сіз үшін бұл қиын ба? Біз сізге осы мәселенің шешімін табуға көмектесеміз. Сол үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ресімдеу мен алу тәртібіне қатысты ең өзекті сауалдарға берілетін жауаптарды Сіздің назарыңызға ұсынамыз.
Кесте бойынша БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне кімнің құқығы бар?
Белгіленген кесте бойынша міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ) есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар:
- 63 жасқа толған ерлердің, 58 жасқа толған әйелдердің (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда; 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда; 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда);
- егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектердің құқығы бар.
Зейнет жасына толғанда және бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген кезде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу үшін қандай құжаттар керек?
Жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған немесе бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген кезде зейнетақы төлемдерін алушы кесте бойынша МЗЖ және МКЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті ресімдеу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барып, өтініш жасай алады. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын және БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын аудару үшін алушының банк шоты туралы мәліметтерді алып келеді. Сондай-ақ алушы зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін құжаттарды сенім білдірілген тұлға немесе пошта байланысы арқылы ұсына алады. Толық ақпаратты сайттан (www.enpf.kz) алуға болады.
Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш берілгеннен кейін БЖЗҚ қанша уақыт ішінде зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады?
Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкесетін құжаттар БЖЗҚ-ға қабылданған не келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады.
БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы қалай есептеледі?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 02 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес кесте бойынша МЗЖ және МКЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы мынадай шамаларда есептеледі және:
1) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен аспайды (2017 жылы «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңында ең төмен зейнетақы мөлшері 28 148 теңге болды, соған сәйкес зейнетақы төлемдерінің сомасы 844 440 теңгені құрайды (30*28 148);
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 02 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес зейнетақы жинақтары сомасының алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісі ретінде есептелген неғұрлым жоғары шамасынан аспайды. Зейнетақы жинақтарының сомасы 63 жастағы алушы – ерлерде 8,067 млн. теңгеден артық болған, ал 58 жастағы алушы – әйелдерде 8,963 млн. теңгеден артық болған жағдайда осы есеп қолданылады.
Зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен аз болса (2017 жылы - 844 440,00 тг.), алушы зейнетақы жинақтарының барлық сомасын ала алады.
Төлем жасалғаннан кейін жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы ең төмен зейнетақы мөлшерінен аз соманы құраса (2017 жылы – 28 148,00 тг.), бұл қалдық төлем сомасымен бірге төленеді.
БЖЗҚ белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің жылдық мөлшерін жыл сайын өз бетінше Қағида ережелерін ескере отырып, қайта есептейді.
Зейнетақы төлемдері қандай валютамен жасалады?
БЖЗҚ өтініште көрсетілген алушының банк шотына зейнетақы төлемдерін:
1) Қазақстан Республикасының аумағында екінші деңгейдегі банктерде/банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шоттарына аудару кезінде тек ұлттық валютамен;
2) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде шетел банктерінде ашылған банк шоттарына аудару кезінде АҚШ долларымен, еуромен, фунт стерлингпен немесе ресей рублімен аударады.
Зейнетақы төлемдеріне жеке табыс салығы (ЖТС) салына ма?
Зейнетақы төлемдері төлем көзінен салық салынатын табысқа жатады (ҚР Салық кодексінің 160-бабы). Зейнетақы төлемдеріне ҚР Салық кодексінде көзделген түзетулер мен салық шегерімдерінің сомасы ескеріле отырып, 10 пайыз мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы салынады.
Мысал ретінде ең төмен зейнетақының 30 еселенген мөлшеріндегі кесте бойынша төленетін зейнетақы төлемдерін қарастырып көрейік (30*28 148 = 844 440 теңге).
Кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алушы – зейнет жасына толған резидент тұлғалар – БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері түріндегі табыстан салық шегерімдеріне құқығы бар тұлғалар (Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 170-бабы). Демек, ЖТС салық шегерімдері қолданыла отырып ұсталады. ЖТС салынбайтын зейнетақы жинақтарының сомасы ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшеріне тең. 2017 жылы бұл көрсеткіш – 24 459 теңге, демек ЖТС салынбайтын сома – 293 508 теңге (12*24 459). 550 932 теңге (844 440 - 293 508) сомасына ЖТС салынады. ЖТС мөлшері – 55 093,20 теңге (844 440 - 293 508) * 10%). Алушының банк шотына 789 346,80 теңге (844 440 - 55 093,20) мөлшеріндегі сома аударылады.
Бұдан басқа, салық жеңілдіктері қолданылатын азаматтар санаты бар. Олар үшін ағымдағы қаржы жылына белгіленгенең төмен жалақының 75 еселенген мөлшері шегінде ЖТС-қа түзету көзделген (75*24 459 = 1 834 425 теңге).
Мұндай тұлғаларға:
· Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестiрiлген адамдар;
· Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ерен еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдар;
· 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде 6 ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ерен еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдар;
· I, II, III топтардағы мүгедектер;
· мүгедек бала;
· «мүгедек бала» санатындағы адам он сегіз жасқа толғанға дейін оның ата-анасының бірі, қорғаншысы, қамқоршысы;
· «бала кезінен мүгедек» деген себеппен мүгедек деп танылған адамның өмір бойына, оның ата-анасының бірі, қорғаншысы, қамқоршысы;
· асырап алған бала он сегіз жасқа толғанға дейін бала асырап алушының біреуі жатады.