Жазғы демалыс балалар лагері

Бүгін №1 Алға мектеп-бақшасы жанында «Балдырған» тілдік лагерінің бірінші маусымдық  ашылуына орай салтанатты  жиын өтті. Мерекелік шарада «Нұр Отан» партиясы Алға аудандық филиалының кеңесшісі Алмагүл Махамбетова, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Данагүл Қойшығұлова балаларға сәттілік тілеп,  ыстық ықыластарын  білдірді. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, балалар өз өнерлерінортаға салып, үш тілде ән салып, тақпақтар айтып, би биледі.
Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына әрі жазғы демалыста жақсы тынығуына мүмкіндік беретін бұллагерьде балаларға қолайлы  жағдай жасалған. Жалпы мектеп жанындағы лагерьде 230 бала демалады деп жоспарланған, оның 75-сі тілдік лагерьде демалатын болады. Бұл балалардың тамақтануы бюджеттен бөлінген қаражаттан және ата-аналардың өз есебінен болмақ.
Балалардың  жазғы демалысының қызықты, әрі пайдалы болу жағына ұйымдастырушылар аса мән беріп отыр. Мемлекеттік, орыс тілдерімен қатар өнер мен ғылымның, технологияның тілі – ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыруды көздеген олар, балалардың демалыста үш тілді де дамытуына мүмкіндік жасайды. Мектеп жанындағы жазғы тілдік лагері үш кезеңнен, әр кезең 10 күннен тұрады.
Сондай-ақ,  лагерь заманауи талаптарға сай адам өміріне қажетті заттармен  қамтамасыз етілген. Балалардың тыныштығы мен қауіпсіздігін мектеп мұғалімдері мен медбикелері жүйелі түрде қамтамасыз етеді.
Мектеп директоры Гүлжахан Махамбетова: «Мектеп жанындағы лагерьде балаларды бір мезгіл тамақтандыру қарастырылған.  Лагерь бағдарламасы бойынша спорттық сауықтыру, ағылшын тілі, орыс тілі, шығармашылық үйірмелер, мұражайға саяхат, тақырыптық кештер ұйымдастырылады», – дейді.