Алға ауданы күндері - Ақтөбе қаласында!

10-11 тамыз күндері «Туған жерім – нұрлы елім!» облыстық акциясы аясында Ақтөбе қаласында «Атыңнан айналайын Алға деген» атпен Алға ауданының күндері бастау алды. Бұл жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан орны ерекше дәстүрге айналған, облысымыздың тарихынан алар орны ерекше мерекелі күндердің бірі. Ауданнан келген делегация мен Ақтөбе қаласында тұратын алғалықтар алдымен КСРО-ның ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры В.И.Пацаевтың Ақтөбе қаласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, батыр рухына тағзым етті. Аталған шарада Ақтөбе қаласының əкімі Ілияс Сапарбекұлы Испанов жəне аудан әкімі Нағымжан Смағұлұлы Алдияров жерлестерге мерекелік тілегін айтып, аудан əкімі осы күндері қонақтар назарына ұсынылатын бағдарламамен таныстырды. Алға ауданындағы В.И.Пацаев атындағы № 2 Алға орта мектебінің оқушыларының қатысуымен батырдың рухына арналған өлеңдер, әндер айтылды. Сондай-ақ, шараға Т.Бигельдинов атындағы жоғары әскери әуе институтының курсанттары мен ұстаздары қатысты.