2018 жылдың 1 қазанына қарай «БЖЗҚ» АҚ негізгі көрсеткіштері

2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,9 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен бері 1,4 трлн теңгеге артты. Бір жыл ішіндегі өсім – 18 пайыз болды. Ал 2018 жылдың басынан бері өсім – 1,1 трлн теңгені немесе 14 пайызды құрады.
2018 жылдың 9 айы ішінде салымшылар мен алушылардың жаңадан 338,3 мың жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) ашылды. Ағымдағы жылдың 1 қазанына қарай шарттардың барлық түрі бойынша ЖЗШ жалпы саны 10,3 млн бірлікті құрады.
Зейнетақы жинақтарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Олардың сомасы 8,7 трлн теңгеге жетті. Ай сайынғы жарнаның орташа сомасы 15,6 мың теңге. Бұл ретте 2018 жылдың 9 айы ішінде түсімдердің жалпы сомасы 617 млрд теңгені құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде зейнетақы жарналары 553 млрд теңгені құрады. Бір жыл ішіндегі өсім 12 пайызды көрсетті.
2018 жылдың 9 айы ішінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің сомасы 130,9 млрд теңге болды. Олардың ішінде зейнеткерлік жасқа толу бойынша төлемдер – 70,7 млрд теңгені (немесе 54%), сақтандыру ұйымдарына аударылған зейнетақы жинақтарының сомасы – 15,5 млрд теңге (немесе 12%), ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 24,6 млрд теңгені (немесе 19%) және басқалай біржолғы төлемдер (жерлеуге және мұрагерлерге берілген) – 20,1 млрд теңгені (немесе 15%) құрады.
Кесте бойынша ай сайынғы ең төменгі зейнетақы төлемі (2018 жылы зейнеткерлік жасқа толуға байланысты) – 15 273 теңге, орташа ай сайынғы төлем – 20 179 теңге және ай сайынғы ең жоғары төлем – 337 059 теңгені құрады.
Қор салымшыларының жеке шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы жыл басынан бері 623,6 млрд теңгеге жетті. 2018 жылдың 9 айы ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,75 пайыз болды. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 3,3 пайызды құрады. Яғни, осы кезеңде зейнетақы активтері бойынша нақты табыстылық – 4,45 пайызға жетті. Жылдық тұрғыдан алып қарағанда Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2017 жылдың 1 қазаны мен 2018 жылдың 1 қазаны аралығында 9,0 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 6,1 пайызды көрсетті. Осылайша, екі кезеңде де табыстылық инфляция деңгейінен жоғары болды.
Зейнетақы төлемдерін «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыруға байланысты әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру мақсатында ағымдағы жылдың қазан айында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде бірыңғай өтініш беру бойынша композиттік қызмет іске қосылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 қазандағы № 624-ші қаулысына сәйкес «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042-ші қаулысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бекітілді. Енді зейнет жасына толған азамат мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдері мен БЖЗҚ-дан жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін бірыңғай өтініш пен құжаттар топтамасын Мемлекеттік корпорацияның жергілікті бөлімшесіне (халыққа қызмет көрсету орталықтарына) тапсырады. Яғни, енді бұрынғыдай екі мекемеге жүгінудің қажеті жоқ.
Қор өз қызметінде барынша ашықтыққа қол жеткізу, салымшылар және алушылармен арада тиімді коммуникациялық байланыс орнату мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Қор 2017 жылдың басынан бастап халық арасында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын күшейту және БЖЗҚ қызметінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету шараларын мықтап қолға алды. Ағымдағы жылдың 9 айы ішінде еліміздегі кәсіпорындар мен ұйымдарда 18 мыңнан астам таныстырылымдық шаралар өткізіліп, оларға 580 мыңнан астам адам қатысты. Салыстырып қарасақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде шамамен 13 мың таныстырылым өткізілді. Өсім – 46 пайызды құрады.
Республика халқын жинақтаушы зейнетақы жүйесімен барынша қамту мақсатында Қор зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне қатысты қаржылық сауаттылықты арттыру және заңнамадағы өзгерістерді түсіндіруге бағытталған ақпараттық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде жариялап келеді. Осылайша ағымдағы жылдың 9 айы ішінде БЖЗҚ бастамасы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 20 мыңнан астам материал жарық көрді. Өсім былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80 пайызға жетті. Қор бұдан кейін де ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жалғастыратын болады.