БЖЗҚ өкілдері «жұмыссыздарға салынатын салық» туралы айтты

Бүгін Алматыда БЖЗҚ өкілдері баспасөз мәслихаты барысында бірыңғай жинақтық төлем туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қор төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева тәуелсіз сарапшы Айман Тұрсынханның 5 жылдан соң зейнетақы қорында ақша қалмайды деген болжамына қатысты түсініктеме берді.«Айман Тұрсынхан ішкі және сыртқы ағындарды портфельдің сапасына қарай сараптайды. Ал бізде салымдар мемлекетпен кепілдендірілген. Сонымен қатар, қор салымдары табыс түсуі үшін инвестицияланады. Зейнетақы қорлары ұзақмерзімді қор болғандықтан, олардың кейбірі ұзақ мерзімді қаржылық құралдарға салынған. Сарапшы инвестиция мерзімі мен қаржылық құралдар бойынша төлемді төлеу болжамымен салыстырып отыр. Бірақ ол қаржылық құралдарды төлеп бітіру мерзімін ескермеген», - деді Сәуле Егеубаева.БЖЗҚ өкілі бірыңғай жинақтық төлем туралы да тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл жұмыссыздарға салынатын салық емес, керісінше жұмыссыз адамдар осы төлемнің арқасында медициналық сақтандыруға қол жеткізе алады.«Бірыңғай жинақтық төлем арқасында зейнетақы қорын толықтыру деген мақсат мүлде жоқ. 3 жылда 500 мың адам бірыңғай жинақтық төлем төлейтін болады. Қала тұрғындары үшін бұл төлем 1 АЕК, яғни 2405 теңге болса, ауыл тұрғындарына одан да аз болды. Бұл соманың 30%-ы зейнетақы қорына, 10%-ы жеке табыс салығы, 40%-ы медициналық сақтандыру қорына, 20%-ы сақтандыру қорына салынады», - деді Сәуле Егеубаева.